Құтқарушыларға әйел адамның қызы хабар берген
Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында Төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) құтқарушылары Ерден көшесіндегі көпқабатты үйдің пәтерінен ес-түссіз жатқан әйелді құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құтқару операциясы зардап шеккен әйелдің қызының 112 қызметіне хабарласуынан кейін басталған. Қызы екі күн бойы анасымен байланыса алмағанын айтып, пәтердің есігі іштен жабық күйінде тұрғанын жеткізген.
Оқиға орнына келген құтқарушылар үш иінді баспалдақ пен шанц құралының көмегімен пәтерге балкон терезесі арқылы кіріп, ішке енген.
1968 жылы туған әйел пәтер ішінде ес-түссіз күйде табылды.
Жедел жәрдем қызметі оқиға орнына дереу жетіп, алғашқы медициналық көмекті көрсетіп, әйелді орталық облыстық ауруханаға жеткізді.
«Туыстарының уақтылы әрекеті мен құтқару қызметінің шапшаң жұмысы арқасында ауыр зардаптардың алдын алынды», – деп хабарлады ТЖМ.