ҚР СІМ мәлімдеме жасады
ҚР Сыртқы істер министрлігі мемлекеттік органдар мен шетелдік әріптестердің көмегімен Израиль мен Ираннан қазақстандықтарды эвакуациялаудың кезекті кезеңін сәтті аяқтады. Бұл туралы Azattyq Rýhy СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
25 маусымда Қазақстанның Израиль мен Мысырдағы елшіліктері 37 адамды эвакуациялады. Олардың қатарында 13 азамат — Қырғызстан мен Ресейдің азаматы.
Бұл топ 26 маусым күні Каир – Шымкент бағытындағы SCAT рейсімен Қазақстанға аман-есен жеткізілді.
Осылайша, Израильден эвакуацияланған азаматтар саны 103 адамға жетті.
Ирандағы шиеленіскен жағдай басталғалы бері Қазақстанның Тегерандағы, Ашхабадтағы, Бакудегі, Еревандағы елшіліктерінің көмегімен 233 азамат елге жеткізілді.
Эвакуация жолдары:
23-25 маусым аралығында Қатар мен Біріккен Араб Әмірліктерінде болған көптеген қазақстандық азаматтар әуе кеңістігінің уақытша жабылуына байланысты елге орала алмады.
Алайда, Қазақстанның шетелдегі мекемелері қажетті құқықтық және консулдық көмек көрсетіп, мәселелерді реттеуге жәрдемдесті.
«24-27 маусым аралығында Қатар мен БАӘ-ден Қазақстанға 1900-ден астам азамат қайтарылды», – деп мәлімдеді СІМ.
ҚР Сыртқы істер министрлігі Иран, Израиль, Түрікменстан, Мысыр, Әзербайжан, Армения, БАӘ, Қатар елдерінің билігіне эвакуация барысында көрсеткен жедел көмегі мен сындарлы ынтымақтастығы үшін ризашылығын білдірді.
СІМ мен Қазақстанның шетелдегі елшіліктері аймақтағы жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстап, шет елдердегі азаматтарға консулдық көмек көрсетуді жалғастырып жатыр.
ҚР СІМ басым бағыттарының бірі – азаматтардың құқығын, қауіпсіздігін және амандығын қамтамасыз ету.
Еске сала кетейік, 13 маусым күні түнде Израиль әскери-әуе күштері Иранға соққы жасаған. Тегеранда жарылыстар болғаны хабарланды. Жауап ретінде Иран 100-ден астам дронмен шабуыл жасады. Иран билігі бұл әрекетті «соғыс жариялау» деп бағалады.
Осы оқиғалар аясында Израиль елшіліктері мен консулдықтарын уақытша жапты.