3 миллион адам небәрі 200 мың теңге жалақы алады
Парламент Мәжілісінің депутаты, Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында 2024 жылғы республикалық бюджеттің орындалуында жүйелі проблемалар мен кемшіліктерді айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«2024 жылғы республикалық бюджеттің орындалуында жүйелі проблемалар мен кемшіліктер аз емес. Президенттің қатаң ескертуіне қарамастан, өткен жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қордан бюджетті толтыру үшін 5,6 трлн теңге алынса, биыл тағы 5,3 трлн жаратылады. Яғни бюджеттің 25 процентін Ұлттық қор арқылы толтырудамыз. Бұл қауіпті әрі оны жақын арада тоқтату мүмкін емес үрдіске айналды», - деді Бейсенбаев.
Оның айтуынша, екінші мәселе - азық-түлік бағасы.
«Жылда Үкімет оның небәрі 7-8 пайызға қымбаттағанын айтады. Ал шынтуайтында биыл бір ғана картоптың өзі 2,5 есеге өсіп, 500 теңге болды. Үкіметтің мәлімдеуінше, дәл қазір елімізде орташа жалақы – 423 мың теңгені құрайды деген мәлімдемесі ешқандай сенім ұялата алмайды. Мысалы, елімізде дәл қазір 3 миллион адам небәрі 200 мың теңге жалақы алса, ал 1 миллион 800 мың азамат ең төменгі жалақы – 85 мың теңгеге күн көріп отыр. Сонда 423 мың теңге жалақыны кім алады?! Елімізде жұмыссыздық көрсеткіші соңғы 15 жыл бойы өзгеріссіз 5 пайызды құрап отыр. Бұл – тым төмен әрі негізсіз көрсеткіш. Еліміздегі еңбекке қабілетті шамамен 10 миллион адамның небәрі 5,5 миллионы ғана нақты әрі тұрақты жұмыспен қамтылған екен», - деді ол.
Депутат өз сөзінде пандемия уақытында 42 500 теңгеден көмек алған 4,5 миллион халық әлі күнге дейін нақты жұмыспен, не кәсіппен қамтамасыз етілмегенін айтты.
«Келесі – Үкіметтің назарынан жүйелі түрде тыс қалып отырған ауқымды мәселе – бұл демографиялық санда бар, санатта жоқ азаматтар. Атап айтқанда, зейнетақы қорына бірде-бір тиын жинамаған 3,5 миллион адам, әлеуметтік медициналық сақтандырудан тыс қалған 3 миллион адам, өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп жүрген, аты да, заты да белгісіз тағы 2,5 миллион адам бар. Біз келтірген мәліметтердің артында кедейшілікпен күресіп жүрген, тұрақты жұмыс таба алмай жүрген миллиондаған адамның тағдыры тұр», - деді ол.