Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық форумда сөз сөйледі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусьтің Минск қаласында өтіп жатқан Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысына қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Биылғы форумның негізгі тақырыбы – «Еуразиялық экономикалық интеграция стратегиясы: қорытынды мен перспектива».
Тоқаев форумның интеграциялық бірлестік аясындағы өзекті мәселелер жөнінде ашық әрі мазмұнды диалог алаңына айналғанын атап өтті.
«ЕАЭО елдерінің жиынтық экономикалық әлеуеті – 2,6 триллион доллар. 2023 жылы өзара сауда айналымы 98 миллиард долларға жетіп, 2015 жылғы көрсеткіштен екі есе артты. Елдеріміздің ІЖӨ өсімі де екі жыл қатарынан әлемдік орташа деңгейден жоғары болды», – деді Президент.
Мемлекет басшысы ЕАЭО-ның болашағы тең құқылық, өзара тиімділік және прагматизм қағидаттарына негізделуі тиіс екенін баса айтты. Оның пікірінше, интеграция көздеген нәтижеге жету үшін ымыра мен бірлескен жұмыс қажет.
Сессия барысында модератор Президенттен ЕАЭО елдері арасындағы сауда үдерісінде цифрлық технологиялардың рөлі туралы пікірін сұрады.
Тоқаев бұл сұраққа:
«Цифрландыру мен жасанды интеллект (ЖИ) – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Электронды коммерция, цифрлық құжат айналымы, автоматтандырылған жүйелер – ЕАЭО экономикасының бөлінбес бөлігіне айналды», – деп жауап берді.
Президенттің айтуынша, жасанды интеллект экономиканы ғана емес, тұтас қоғам мен мемлекетті түбегейлі өзгертіп жатыр.
«Қазірдің өзінде ЖИ – байланыс, көлік, энергетика, өндіріс, денсаулық сақтау және білім беру сияқты негізгі салаларда кеңінен қолданыла бастады. Әрине, теріс әсерлері де жоқ емес – мысалы, студенттер мен саясаткерлер ChatGPT-ті пайдаланады. Бірақ бұл – цифрландырудың жанама салдары», – деді ол.
Сондай-ақ, болжам бойынша, 2030 жылға дейін цифрландыру мен жасанды интеллект әлемдік ІЖӨ-ге 15 триллион доллар табыс әкеліп, 300 миллион жұмыс орнын алмастырып, жаңа мамандықтардың пайда болуына ықпал етеді.