Ұрлық ісі бойынша үкім шықты
Семей қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты шаруа қожалығы аумағынан ірі көлемде металл ұрлаған азаматқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сот мәліметінше, азамат Т. ауыр қаржылық жағдайда бола тұра, жәбірленуші С.-ға тиесілі жеке шаруа қожалығының аумағынан металл конструкцияларын ұрлап кеткен. Ұрланған металдың жалпы салмағы 10 тоннадан асып кеткен, ал материалдық залал сомасы 31 миллион теңге деп бағаланған.
Анықталғандай, Т. бұл конструкцияларды металл қабылдау пунктіне өткізіп, оның қызметкерлерін шатастырып, заңсыз табыс тапқан. Қолға түскен 1 270 000 теңгені өз қажеттілігіне жұмсаған.
Сот барысында Т. өз кінәсін толық мойындағанымен, келтірілген залал сомасымен келіспейтінін айтқан. Алайда куәгерлердің айғақтары, сараптама қорытындылары мен іс материалдарын саралай келе, сот оның кінәсі толық дәлелденген деген шешімге келді.
Сот үкімімен Т. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 188-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша ірі көлемдегі ұрлық, заңсыз кіру арқылы жасалған қылмыс үшін кінәлі деп танылды.
Ол орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеуге тиіс.
Сонымен қатар, сот оны жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына 20 АЕК көлемінде қаражат аударуға міндеттеді және жәбірленушінің азаматтық талап-арызын 24 миллион теңге көлемінде ішінара қанағаттандырды.
Сот шешімі шыққаннан кейін айыпталушы сот залында тұтқындалды.