Вейп курьер арқылы жеткізіліп отырған
Қаржы мониторингі агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті Екібастұз қаласында электронды тұтыну жүйелерін (вейптер), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды заңсыз сатумен айналысқан топты анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тыйым салынған өнімдер Telegram мессенджеріндегі «VAPE SHOP MAXI MALL» арнасы арқылы сатылып, курьерлік жеткізу қызметі арқылы тапсырыс берушілерге жіберіліп отырған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында қойма мен сату нүктелері анықталды. 5 600-ден астам вейп пен олардың бөлшектері тәркіленді.
Егер бұл өнімдер заңсыз сатылғанда, қылмыстық табыс 100 миллион теңгеден асуы мүмкін еді.
Ерекше алаңдататын жайт – электронды темекілердің кәмелетке толмағандар, соның ішінде мектеп оқушылары арасында кең таралуы.
Заңсыз бизнесті ұйымдастырушылар жасөспірімдерге вейп сату арқылы олардың денсаулығына елеулі қауіп төндірген.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.
2025 жылдың басынан бері вейптің заңсыз айналымына қатысты 32 құқық бұзушылық дерегі тіркеліп, 440 мыңнан астам өнім тәркіленіп, жойылған.
Мамандардың айтуынша, вейптерде қолданылатын заттар жүрек-қантамыр жүйесіне, тыныс алу жолдарына кері әсер етеді. Бұл – инсульт, инфаркт және басқа да қауіпті аурулардың дамуына алып келуі мүмкін.