«Мен де анама ренжідім»: Наркенже Серікбаеваның қызы үндеу жасады
Ол жұрт анасын мазаққа айналдырып жатқанын айтты

Соңғы күндері қоғамда кеңінен талқыланған оқиға - Шымкенттегі филормонияның директорынан қысым көрдім деген Наркенже Серікбаеваның Ғалымжан Ерназаровқа қатысты кешірім беруі әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырды. Бұл жағдай жайлы Наркенже Серікбаеваның қызы, Жанерке Серікбаева өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірді, деп жазады Azattyq Rýhy.
Жанеркенің айтуынша, бұл жағдай тек отбасы үшін емес, жалпы қоғам үшін үлкен сынақ болды.
«Соңғы үш күндік жағдай бәрімізді селт еткізбей қоймады. Мен анаммен әрқашан мақтанамын. Бұл жолы да ешкім қозғай алмай жүрген қоғамның басты дертін қозғап, ерлік жасады», – деп жазды ол.
Оқиғаға қатысты кейбір блогерлер мен журналистердің әрекетін Жанерке Серікбаева сынға алды. Ол анасына қолдау көрсетіп жатқан жандарға алғысын білдіріп, бұл сындарды кезеңнен де өтетінін айтты.
«Біреу жақтады, біреу даттады. Анамды мазаққа айналдырды. Мейлі, біз қашан да мықтымыз. Бұл сынақтан да ойнап-күліп бас көтеріп өтеміз», – деді ол.
Жанерке өз жазбасында белгілі қоғам қайраткерлерінің Наркенже ханымға кешірім беру туралы өтінішпен келгенін айтып өтті.
Ал бастапқыда қызы анасының бұл шешіміне таңданыс білдірген.
«Мен де анама ренжідім: неге кешірдіңіз, неге соңына дейін бармадыңыз?» дедім. Бірақ анам: «Саяш, Алладан үлкен емеспіз. Ел ағалары келіп тұрғанда кешірмесек, біздің адамгершілігіміз қайда?»– деп жауап берді», – деді Жанерке.
Еске сала кетейік, бұған дейін Түркістан облысына қарасты Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияның әншісі Наркенже Серікбаева әлеуметтік желіде видео жариялап, филармония директоры тарапынан анайы ұсыныс естігенін мәлімдеген болатын.
Ал филармония директоры Ғалымжан Ерназаров жауабында әнші оған күйе жаққанын айтып, сотқа беретінін айтқан еді.