Полиция департаменті оқыс оқиғаға қатысты түсініктеме берді
Семей қаласында №2 бағыттағы маршруттық автобуста жолаушы жүргізушіні ұрып жіберіп, өзгелердің қауіпсіздігіне қатер төндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға автобус жүріп бара жатқан кезде болған.
Полицияның мәліметінше, жолаушы жол үстінде жанжал шығарып, жүргізушінің бетіне соққы жасаған. Бұл әрекет салонда отырған барлық жолаушының өміріне қауіп төндірді.
«Криминальный Казахстан» Telegram каналының мәліметіне жүгінсек, Абай облысы Полиция департаментінің хабарлауынша, тәртіп бұзушы – 45 жастағы Семей қаласының тұрғыны. Қазіргі уақытта оған қатысты процессуалдық шаралар басталып, ұстау операциясы жүргізілуде.
«Мұндай тәртіпсіздікке қатаң құқықтық баға беріледі. Қоғамдық көлік жүргізушілеріне шабуыл жасау және жолаушылардың қауіпсіздігіне төнген қауіп ең қатаң түрде тоқтатылады», – делінген Абай облысы ПД ресми мәлімдемесінде.
Айта кетейік, 2023 жылғы желтоқсанда Алматы қаласында Райымбек даңғылында ұқсас жағдай болған еді. Сол кезде жолаушы рульде отырған жүргізуші әйелмен жанжалдасып, оны екі рет ұрған. Салдарынан жүргізуші есінен танып қалып, автобус жол жиегінде тұрған жаяу жүргіншілер тобына соғылған. Оқыс оқиғадан сол кеште үш адам қаза тапқан.