Нұрпейіс Байғанин жасаған көне домбыраны шөбересі қайта жаңғыртып жатыр
Ұлттық домбыра күні қарсаңында Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Визуалды өнер мамандығының студенті, халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің шөбересі – Нұрбек Алпамысұлы Байғанин тарихи мұраны жаңғырту жолында ерекше жобаны жүзеге асыруда. Ол өзінің бабасы – Нұрпейіс Байғаниннің өз ұлы Момын Байғанинге жасап берген көне домбырасын қайта жасап, ұлт жадын тірілтіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Аспаптың түпнұсқасы толық сақталмаған – бүгінге дейін тек домбыраның құлағы ғана жеткен. Дегенмен, дәл осы бөлшек Нұрбекке үлкен шабыт сыйлап, тарихи домбыраны түпнұсқасына барынша жақын етіп қалпына келтіруге түрткі болды.
«Нұрпейіс атамның қолынан шыққан бұл домбыра – біздің әулеттің ғана емес, бүкіл қазақ халқының киелі мұрасы. Уақыт өте аспаптың көп бөлігі зақымданған, тек құлағы ғана аман қалған. Бірақ дәл осы бөлшек – тұтас тарихтың символы іспетті. Мен осы негізде домбыраны қайта жасап, рухани мұраны жаңғыртып жатырмын», – дейді жас шебер Нұрбек Байғанин.
Қ. Жұбанов университетінің жанынан құрылған өнер шеберханасында жасалып жатқан бұл жұмыс – тарихи жадты тірілтудің, ұрпақ сабақтастығының және ұлттық өнерге деген құрметтің жарқын көрінісі. Оқу орнының оқытушылары да бұл жобаны жас буынның өз тамырына бет бұрып, рухани байлықты бағалауы деп бағалап отыр.