Кәсіпкерге экологиялық заңнаманы бұзды деген айып тағылған
Жоғарғы сотта экологиялық заңнаманы бұзды деп айыпталған Атырау облысының кәсіпкеріне қатысты әкімшілік іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұған дейін «Oxygenator» ЖШС Атырау облысының экология департаментінің нұсқамасына қарсы арыз түсірген болатын.
Экология департаментінің нұсқамасына сәйкес, компанияға 37 495 296 527 теңге көлемінде айыппұл салынған. Бұл соманың негізі – экологиялық заңнама талаптарын бұзу.
Жоғарғы соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы экология департаменті шығарған нұсқаманың заңдылығын тексере келе, кейбір тұжырымдардың іс жүзіндегі мән-жайларға сәйкес келмейтінін анықтады.
«Жергілікті соттардың кейбір тұжырымдары негізсіз деп танылды», – деп хабарлады Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.
Сонымен қатар сот алқасы кәсіпкер тарапынан Экологиялық кодекстің екі бабын бұзу болғанын мойындады. Бұл баптар қалдықтарды жинақтау лимитін белгілеу және қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеу міндетін қарастырады.
Осыған байланысты Жоғарғы сот «Oxygenator» ЖШС-нің кассациялық шағымын ішінара қанағаттандырды.
«ЖШС-ны әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулы жаңа ашылған мән-жайларға байланысты қайта қаралуы мүмкін», – деп түйіндеді сот алқасы.
Айта кетейік, 42 жастағы Мұрат Ниязов мұнай қалдықтарын қайта өңдеумен айналысатын шағын кәсіпорынның иесі. Бірінші инстанция соты «Oxygenator» ЖШС экологиялық заңнаманы бұзып, қауіпті мұнай қалдықтарын тиісті рұқсатсыз жинағанын анықтады. Нәтижесінде компанияға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 328-бабы бойынша («Қоршаған ортаға антропогендік әсер ету нормаларын бұзу») 37,4 млрд теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.