Индонезияда екі қазақстандық есірткімен ұсталды: ҚР СІМ оқиғаны растады

Автор: Мөлдір Қазыбай

Индонезияда есірткі қылмысы үшін өлім жазасы қарастырылған

Фото: Euronews

Индонезияда екі қазақстандық есірткі тасымалдаймын деп ұсталғаны ресми түрде расталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі агенттік тілшісіне берген пікірінде екі отандасымызға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын айтты.

«Индонезия құқық қорғау органдарының мәліметінше, ел аумағында Қазақстанның екі азаматы ұсталды. Олар есірткі заттарын заңсыз айналымға енгізуге байланысты қылмыстық құқықбұзушылық жасады деген күдікке ілінді.

Қазіргі уақытта Индонезияның құзыретті органдары аталған азаматтарға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Осыған байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.

Жакартадағы Қазақстан Елшілігі тергеу органдарымен және күдіктілердің туыстарымен байланыста. Бұл мәселе қазақстандық дипломаттардың жіті бақылауында», - делінген ҚР СІМ түсініктемесінде.

Айта кетейік, Индонезияда есірткі қылмысы үшін өлім жазасы қарастырылған.