«10,8 млн жер мемлекетке қайтарылды»: Түркістан облысында жайылым жер әлі де тапшы

Автор: Асыл Арман

Облыстағы жайылымдардың жалпы көлемі 8,8 млн гектардан асады

Фото: istockphoto.com

Парламент Мәжілісінің депутаты, «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшесі Қайрат Балабиев Түркістан облысындағы шаруалардың проблемасын көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат мәселені қозғай отырып, премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге депутаттық сауал жолдады.

«АМАNАТ» партиясының бастамасымен «Жер аманаты» жобасы аясында 2022 жылдан бері пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 10 млн 800 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 3 миллион гектарға жуығы қазірдің өзінде азаматтар арасында қайта бөлінді.

2024 жылы Түркістан облысында пайдаланылмай жатқан 70,9 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды. Алайда, осы шаралардан кейін де бұл өңірде жайылым тапшылығы шешілмеген күйінде қалып отыр.

Облыстағы жайылымдардың жалпы көлемі 8,8 млн гектардан асады, бірақ, олардың едәуір бөлігі басқа мақсатта пайдаланылады. Кең жайылымдардың болуына қарамастан, оларды бөлу және оларға жергілікті халықтың қолжетімділігі шектеулі. Бұл ауылдық жерлерде әлеуметтік шиеленісті тудыратын өзекті мәселеге айналды», - дейді Қайрат Балабиев.

Оның айтуынша, тапшылықтың негізгі себептері – жайылымдық жерлерді заңсыз жекешелендіру және жеке тұлғалардың жерді мақсатсыз теріс пайдаланып, жайылымдық жерлерді демалыс аймағына айналдыруы.

2025 жылдың басындағы жағдай бойынша Түркістан облысының мал басының өндірістік көрсеткіштері:

  • ірі қара мал –  1,1 млн;
  • қой мен ешкі –  5,5 млн;
  • жылқы – 484 мың;
  • түйе – 44,5 мың бас.

«Қазақстаннан экспортталған сиыр етінің 80 пайызы, қой етінің 75 пайызы осы өңірден келеді және Қазақстан экономикасына қосқан елеулі үлесін көрсетеді.

2025 жылы Қазақстанда 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ет бағасы айтарлықтай өсті. Ет одағы ет бағасының өсуін мал басының 25 пайызға қысқаруымен байланыстырып отыр. Өңірлердегі өзекті болып отырған жайылым мәселесі шешілмей, мал басын көбейту мүмкін емес», – дейді депутат.

Ол сөзін жалғай отырып, Серік Жұманғаринге мынандай ұсыныстарын жеткізді:

  1. ғарыштық мониторинг әдістері мен ұшқышсыз бақылау мәліметтерін пайдалана отырып, Қазақстандағы жайылымдардың мақсатты пайдаланылуын анықтау және жайылымдардың цифрлық картасын жасау арқылы меншік иелерін, жалға алушыларды және пайдалануды картаға түсіру;
  2. пайдаланылмайтын немесе заңсыз басып алынған аумақтар анықталған жағдайда жалдау шарттарын мерзімінен бұрын бұзу және мемлекет меншігіне қайтару тәртібін оңайлатуды, яғни, оңайлатылған сот тәртібімен немесе сотқа дейінгі шешіммен қарастыру;
  3. жергілікті тұрғындардың мемлекетке қайтарылған жайылымдарға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін басымдық ұсақ фермерлерге, мал өсірушілер мен кооперативтерге беру шараларын қарастыру.