«Кешірім сұрастық»: әнші Наркенже мен филармония директоры ақыры татуласып тынды (ВИДЕО)

Автор: Аягөз Құрмаш

Әкімдік жанынан арнайы комиссия құрылған

Фото: видеодан скриншот

Әнші Наркенже Серікбаева мен Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония директоры Ғалымжан Ерназаров арасындағы дауға байланысты арнайы комиссия құрылып, тараптар өзара келісімге келгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Кешелі бері маған жанашырлық танытып, қолдау білдіргендеріңізге рақмет. Бүгін әкімдіктен комиссия құрылып, біз Ғалымжан мырзамен бір-бірімізді түсіндік. Бір-бірімізден кешірім сұрадық. Қолдауларыңызға рақмет», – деді Наркенже Серікбаева.

Филармония директоры Ғалымжан Ерназаров бұл жағдайдың көпшілікке таралып кеткеніне өкініш білдіріп, дау-дамайды ушықтырмауға шақырды.

«Көпшілікке таралып кеткен соң, облыстық мәдениет басқармасы мен әкімдіктен комиссия келді. Комиссия екі тараптың арыз-өтінішін қарады. Екі жақтың да бір-біріне реніші жоқ. Екі жақ та келісті. Одан әрі дау-дамай тудырып, ушықтырудың қажеті жоқ», – деді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін Түркістан облысына қарасты Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияның әншісі Наркенже Серікбаева әлеуметтік желіде видео жариялап, филармония директоры тарапынан анайы ұсыныс естігенін мәлімдеген болатын.

Ал филармония директоры Ғалымжан Ерназаров жауабында  әнші оған күйе жаққанын айтып, сотқа беретінін айтқан еді.