Ақтөбеде жоқ пәтерді жалға берген 18 жастағы алаяқ қыз ұсталды

Автор: Асыл Арман

Полиция алаяқтардан сақтанудың жолдарын ұсынды

Фото: istockphoto.com

Ақтөбе қаласында бірнеше тұрғын Telegram мессенджеріндегі пәтер жалдау туралы хабарландыру арқылы алаяқтықтың құрбаны болды. Олар ұзақ мерзімге баспана жалға алмақ болған. Алайда алдын ала төлем жасағаннан кейін хабарландыру авторы байланысқа шықпай қойған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жәбірленушілер полицияға жүгінді

Азаматтар өздерінің алданып қалғанын түсініп, бірден құқық қорғау органдарына арызданған. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктінің кім екенін анықтап, оны ұстап, бөлімшеге жеткізді.

Күдікті кемінде бес адамды алдаған

18 жастағы қыз жоқ пәтерді жалға беремін деп кем дегенде бес адамды алдаған. Ол жәбірленушілерден алған ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полициядан ескерту: алданбаудың жолдары

Ақтөбе облыстық Полиция департаменті тұрғындарға мынандай кеңес береді:

  • Бейтаныс адамдарға алдын ала төлем жібермеңіз;
  • Пәтерді жалға аларда міндетті түрде көзбен көріп, құжаттарын тексеріп, жазбаша келісімшартқа қол қойыңыз;
  • Жалға берушінің жеке куәлігі мен пәтерге меншік құқығын растайтын құжаттарды талап етіңіз;
  • Хабарландыру жарияланған платформаның қауіпсіздігіне және сенімділігіне назар аударыңыз.

Алаяқтар белсенді болатын маусым: сақ болыңыз!

Полиция алаяқтардың әсіресе көшу және жазғы демалыс маусымында белсенді болатынын ескертеді. Уақытша немесе ұзақ мерзімді пәтер жалдамақ болсаңыз, барынша мұқият және сақ болыңыз.