Бас прокуратура Өнеркәсіп министрлігінің былығын ашты

Автор: Асыл Арман

Бас прокуратураның мәліметінше, Өнеркәсіп министрлігі заңды өрескел бұзған

Фото: gov.kz

Бас прокуратура мен «Kazakh Invest» ҰК» АҚ жанындағы Task Force тобының бірлескен жұмысы нәтижесінде заманауи қару-жарақ пен әскери техниканы шығару бойынша жобаны іске асырушы отандық инвестордың кедергіге тап болғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрлік заң талаптарын бұзды

Тексеру барысында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің тарапынан бірнеше заңбұзушылықтар тіркелді:

  • Инвестициялық келісім бойынша келіссөздер жүргізетін комиссияны құру мерзімі заңда белгіленген 15 жұмыс күнінің орнына 47 күнге дейін созылған;
  • Салалық қорытынды дайындау 9 жұмыс күніне кешіктірілген;
  • Жалпы өтінімді қарау және келісімнің негізгі шарттары бойынша қорытынды әзірлеу мерзімдері де бұзылған.

Жауапты тұлға жазаланды

Аталған заңбұзушылықтар бойынша прокуратура қадағалау актісін енгізді. Нәтижесінде, министрлік департаментінің директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Прокуратура инвестициялық климатты жақсартуға басымдық беруде

Бас прокуратура еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсарту, сондай-ақ инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша жұмысты жалғастыруда.

Бүгінгі таңда прокурорлар 1 352 инвестордың ішінде 801 түйткілді мәселені шешкен.

Бұл жұмыс Бас прокуратура басшылығының ерекше бақылауында тұр.