Алматыда ауа сапасы нашарлайды – «Қазгидромет» ескерту жасады

Автор: Асыл Арман

Бұл жағдай қолайсыз метеорологиялық факторлардың әсерінен туындайды

Фото: Azattyq Rýhy

Синоптиктердің мәліметінше 23 маусым күні еліміздің бір қаласында – Алматыда атмосферада ластаушы заттар жоғары деңгейде шоғырланады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл жағдай қолайсыз метеорологиялық факторлардың әсерінен туындайды: зиянды қоспалар жерге жақын қабатта жиналып, ауада таралмайды.

«2025 жылғы 23 маусымда Алматы қаласында түнгі уақытта қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі», – деп хабарлады «Қазгидромет» РМК.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) дегеніміз не?

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) – ластаушы заттардың ауада таралуына кедергі келтіретін ауа райы құбылыстары. Оларға мыналар жатады:

  • Тымық ауа;
  • баяу соғатын жел;
  • тұман,
  • температуралық инверсия (жоғары қабаттарда ауа жылырақ болуы).

Мұндай құбылыстардың салдарынан ауада зиянды бөлшектер шоғырланып, қала ауасының сапасы нашарлайды. Әсіресе бұл жағдай тығыз салынған тұрғын аудандар мен өндірістік аймақтарда қатты байқалады.

Қаупі неде?

ҚМЖ кезінде ауадағы зиянды заттар деңгейі шекті мөлшерден асып кетуі мүмкін. Ол кімдерге қауіпті:

  • аллергиясы бар адамдарға;
  • тыныс алу жолдары аурулары бар азаматтарға;
  • балалар мен қарттарға.

Не істеу керек?

Мамандар ҚМЖ кезінде келесі сақтық шараларын ұстануға кеңес береді:

  • далада ұзақ жүрмеу;
  • физикалық белсенділікті шектеу;
  • терезелерді жабық ұстау;
  • маска немесе ауа сүзгілері бар тыныс алу құралдарын пайдалану.