Жоламан аэродромы маңында оқу-жаттығу рейсі кезінде апат болды
Астана қаласының шетіндегі Жоламан аэродромы маңында 22 маусым күні жеңіл моторлы TL-2000 ұшағы апатқа ұшырады. Алдын ала мәлімет бойынша, борттағы екі экипаж мүшесі оқиға орнында көз жұмған. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«2025 жылғы 22 маусым күні сағат 11:30 шамасында оқу-жаттығу рейсін орындау кезінде жеке меншікке тиесілі TL-2000 әуе кемесі апатқа ұшырады. Бортта болған екі адам қаза тапты», – делінген ресми ақпаратта.
Қазіргі уақытта Көлік министрлігінің Транспорттағы оқыс оқиғалар мен инциденттерді зерттеу департаменті оқиға орнына жетіп, арнайы тергеу комиссиясы құрылды.
TL-2000 Sirius – екі орындық, жеңіл моторлы ұшақ. Әдетте оқу-жаттығу, спорттық ұшу немесе жеке авиацияда пайдаланылады. Бұл типтегі ұшақтар жоғары маневрлікке ие болғанымен, қауіпсіздік талаптарын сақтау – басты шарт.