$ 540  630.72  6.72
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Қос бірдей көлік қаққан»: 13 жастағы қыздың өліміне қатысты тың дерек шықты

Қызды қарсы бағытта келе жатқан «Lada Priora» автокөлігі де басып кеткен

«Қос бірдей көлік қаққан»: 13 жастағы қыздың өліміне қатысты тың дерек шықты
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Сәтбаев қаласында жол апатына түскен 13 жастағы қыздың  өліміне қатысты тың мәлімет шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жолдың қарсы бетіне ұшып түскен

Сәтбаев қалалық сотының мәліметінше қызды екі бірдей көлік қағып кеткен. Іс-материалдарына сәйкес, қайғылы оқиға 2025 жылдың 16 маусымы күні сағат шамамен 17:20-да Сәтбаев қаласы Ұлытау көшесі бойындағы «Мал базары» аялдамасының алдында орналасқан реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде болған.

«Қара түсті «Toyota Camry» маркалы көлігі жаяу жүргінші, 2012 жылы туған баланы жаяу жүргіншілер өткелімен жолды кесіп өтпек болған кезде қағып кеткен. Салдарынан жасөспірім қарсы қозғалыс жолағына ұшып кеткен, сол жерде оны қарсы бағытта келе жатқан ақ түсті «Lada Priora» автокөлігі басып кеткен», - деп жазылған хабарламада.

Жасөспірім ауыр жарақат алып, оқиға орнында жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмған.

Жүргізуші екі айға қамауға алынды

Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі негізінде қылмыстық іс қозғалды.

Сот отырысында «Toyota Camry» жүргізушісі өз кінәсін толық мойындап, істеген әрекетіне шын жүректен өкінетіндігін жеткізді.

«2025 жылғы 18 маусымдағы сот қаулысы бойынша күдіктіге қатысты 2 ай мерзімге дейін күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды», - деп жазылған сот хабарламасында.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, Сәтбаев қаласында 13 жастағы қызды көлік қағып өлтіргені туралы бұған дейін хабарланған болатын.

Серіктес жаңалықтары