Қазақстандық теннисші сенсация жасады

Автор: Алмас Ерсін

Александр Бублик рейтингте бірінші орында тұрған теннисшіні жеңді

Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Қазақстандық теннисші Александр Бублик (АТР рейтингінде 45-орын) Германияның Галле қаласында өтіп жатқан турнирдің 1/8 финалында италиялық Янник Синнермен (1-орын) кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бублик Синнерді үш сетте – 3:6, 6:3, 6:4 есебімен жеңіп, сенсация жасады. Осылайша қазақстандық теннисші ширек финалға жолдама алды. Қазақстандық теннисші турнирдің жартылай финалына жолдама алу үшін әлемнің 23-ші ракеткасы чехиялық Томаш Махачпен кездеседі.

Sports.kz порталының мәліметінше Александр Бублик карьерасында Янник Синнерді екінші рет жеңіп отыр.

«Бір қызығы, алғаш рет те 2023 жылы Галледе өткен турнирде жеңіске жеткен болатын: ол кезде Синнер 5:7, 0:2 есебімен ұтылды», - деп жазылған хабарламада.  

Теннисшілер жақында ғана «Ролан Гарроста» кездесті. Ширек финалда Синнер Бубликті үш сетте жеңді - 6:1, 7:5, 6:0.

Александр Бублик Қазақстанның бірінші ракеткасы. Ол жекелей сында төрт рет ATP турнирінің жеңімпазы болды. 2020 және 2024 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарына қатысты. Жұптық сында 2018 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері.