Ақмола облысында бюджет қаражатын жымқырған шенеунік сотталды

Автор: Алмас Ерсін

Онымен бірге мердігер ұйымның басшысы жауапқа тартылды

Фото: pixabay

Ақмола облысының Бурабай аудандық соты аудан тұрғындарын жылумен қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Заңбұзушылық қалай анықталды

 «Аудан прокуратурасы жылыту маусымына дайындықты қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына талдау жүргізді. Нәтижесінде ТКШ бөлімі мен оған бағынысты ұйымдардың қызметінде Қылмыстық кодекстің 189-бабына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық анықталды», - деп хабарлады облыстық прокуратура.

Бурабай ауданының ТҚШ бөлімінің лауазымды тұлғасы мен мердігер сот алдында жауап берді.

Сот кінәлі деп тапты

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жиналған іс материалдарының жиынтығымен екі айыпталушының да кінәсі дәлелденді.  

«Олар Қазақстан Қылмыстық кодексінің 189-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді», - делінген хабарламада.

Сотталушылар жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.