Арнайы операция нәтижесінде 8 Қазақстан азаматы ұсталды
Ұлттық қауіпсіздік комитеті 10 маусым күні Орал қаласында кәсіпкерлерден ақша бопсалады деген күдікпен ұйымдасқан топты қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Арнайы операция нәтижесінде 8 Қазақстан азаматы ұсталып, олардың екеуі соттың санкциясымен қамауға алынды. Қалған күдіктілерге қатысты тергеу амалдары жалғасуда.
Күдіктілердің әрекеттері өңірдегі бизнес және кәсіпкерлік қызметке теріс әсер еткен. Бұл жағдай Оралдағы коммерциялық ортада қауіп пен қысым ахуалын туғызғаны белгілі болды.
Тінту кезінде күдіктілерден ірі көлемдегі ақша қаражаты мен басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді. Бұл дәлелдер тергеу барысында пайдаланылуда.
Қазіргі таңда іс ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы («Қорқытып алушылық») бойынша сотқа дейінгі тергеу сатысында.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы 1-тармағына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.