Иттің шабуылынан жарақат алған тұрғын сотқа жүгінді
Елорда тұрғыны 2024 жылдың жазында питбуль тұқымды иттің шабуылынан дене жарақатын алып, ұзақ уақыт емделуге мәжбүр болды. Ол иттің иесін сотқа беріп, жеңіп шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Зардап шегуші құтыруға қарсы екпелер алып, эмоционалдық күйзеліске ұшырағанын алға тартып, соттан 1 миллион теңге моральдық өтемақы талап етті.
Жауапкер – иттің иесі сотта иттің әрекетіне жәбірленушінің өзін кінәлап, «ол жануарды арандатып шабуылдауға себеп болды» деп мәлімдеді. Сонымен қатар, өтемақы төлеуге қаржысы жоқ екенін және оқиғаның үстінен алты айдан астам уақыт өткенін алға тартты.
Алайда сот ит иесінің бұл уәждерін негізсіз деп таныды.
Сот процесі барысында ит иесінің бұған дейін де итті тұмылдырықсыз серуендеткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталды.
Медициналық анықтамалар, фото-видео материалдар және куәгерлердің сөзі жәбірленушінің расымен де көптеген жарақат алғанын растады.
Сот зардап шегушінің денсаулығына келген зиянды, эмоционалдық шығынды және жауапкердің өкінбеуін ескере отырып, оның талабын жартылай қанағаттандырды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.