Сауда орталықтарының маңындағы автотұрақтарда заңсыз нысандар анықталды
Алматы қаласында автотұрақ аумақтарында заңсыз жұмыс істеген 67 сауда орнын бұзу жұмысы басталды. Бұл туралы Azattyq Rýhy қалалық әкімдікке сілтеме жасап хабарлайды.
«Алматы паркинг» мәліметінше, бұл рұқсат етілмеген сауда нысандары ірі сауда орталықтарының маңындағы автотұрақтарда орналасқан. Олар арнайы мониторинг барысында анықталған.
Тексеру барысында заңсыз саудагерлер газ баллондарын пайдаланып, ашық отта тамақ дайындағаны белгілі болды. Бұл адам көп жиналатын жерде өрт қауіпсіздігі талаптарын өрескел бұзу болып есептеледі. Мұндай әрекеттер қала тұрғындарының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.
«Адем» сауда орталығы алдындағы автотұрақта орналасқан 30 заңсыз құрылым Алматы қаласы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот шешімі негізінде бұзылды. Сонымен қатар, «Ялян» сауда орталығы маңындағы 37 осындай нысанды бұзу туралы да сот шешімі шығарылып, орындаушылар іске кірісті.
Қала әкімдігі заңсыз сауда нүктелерін анықтау және жою жұмысы жалғасатынын мәлімдеді. Алматы әкімдігі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қала кеңістігін ретке келтіру мақсатында бұл бағыттағы шараларды күшейтпек.