«Бес мың теңге беріп, намысын таптады»: көше сыпыратын әйелге пранк жасаған блогер сотталды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазба қоғамда үлкен резонанс тудырды

Фото: Видеодан скрин

Алматы қаласында жас жігіт пен қыз баланың тазалық қызметкерін әдейі мазақтап, бейәдеп сөздер айтқаны жазылған видео әлеуметтік желіде жылдам тарап, қоғамда үлкен резонанс туды. Оқиғаға қатысты қалалық Полиция департаменті түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Видеоға назар аударсақ, олар қоқысты әдейі тастап, бейнеролик соңында бұл әрекетті «пранк» деп түсіндіріп, кешірім сұрап, жәбірленушіге небәрі 5 мың теңге берген.

Қоғам наразылығы мен полиция әрекеті

Желі қолданушылары мұндай «контентке» наразы болып, еңбек адамына көрсетілген құрметсіздікті сынға алды.

«Бергені бес-ақ мың теңге», «Өз анаңа бес мың теңге беріп, намысын таптайтын ба едің?», «Мынау нағыз ақымақтық, көргенсіздік», «Бес мың теңге беріп, намысын таптады», «Қоя қойыңдаршы, артынан өтірік ақталып», «Жылатқаннан басқа ешнәрсе ойыңызға келмеді ме? Пранк деген күлкілі нәрсе болу керек сияқты еді ғой», - деп жазды желі қолданушылары.

Сот шешімі: әкімшілік жаза қолданылды

Полиция оқиғаға жедел әрекет етті. Күдіктілер анықталып, материалдар сотқа жолданды.

Іс әкімшілік құқықбұзушылық ретінде қаралып, жас жігітке 10 тәулікке қамау жазасы тағайындалды. Бұл – ұсақ бұзақылық бабымен шығарылған үкім.

Полиция департаменті ресми мәлімдеме жасады

Алматы қалалық полиция департаменті қоғамда белсенділік танытқан азаматтарға алғысын білдіріп, еңбек адамын қорлауға жол берілмейтінін қатаң ескертті:

«Пранк» ешкімді жауапкершіліктен босатпайды. Заң бәріне ортақ. Бұл жағдай әдептен асатын әрекеттерге барғысы келетіндерге сабақ болады деп сенеміз», - деді қалалық Полиция департаменті.