Ақтөбеде көпқабатты үйде болған жарылыс: бір подъезд толықтай бұзылатын болды
Қала әкімдігі қандай жұмыс жүргізіліп жатқанына түсініктеме берді

Ақтөбе қаласының әкімдігі Абай даңғылы №24/1 үйдің 5-ші подъезінде болған жарылыстан кейін «ҚазИнжинирингЦентр» ЖШС арнайы мамандандырылған мекемесіне техникалық сараптама жасауға тапсырыс берген болатын. Бүгін техникалық сараптама қорытындысын қала әкімі Азамат Бекет және мемлекеттік мекемелер басшылары үй тұрғындармен бірге тыңдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сараптама қорытындысын тұрғындарға «ҚазИнжинирингЦентр» ЖШС бас инженері Арсен Қабылғалимов баяндады.
«Мамандарымыз 8 подъезді тұрғын үйдің техникалық жағдайына сараптама жасады. Болған жарылыс салдарынан үйдің №5 подъезі ғана авариялық деп танылып, ол жерде түгел демонтаж және қайта қалпына келтіру жұмысы жүргізілуі керек деген қорытындыға келдік. Ал жұмыс аяқталғанға дейін 5-ші және оған жапсарлас тұрған 4-ші және 6-шы подъезд тұрғындары пәтерлерін уақытша босатуы керек. Себебі бұл екі подъезде де конструкциялық бекіту жұмысы жүргізілетін болады. Ал үйдің басқа подъездеріне жарылыс ешқандай әсер еткен жоқ. Үй тұруға жарамды, қауіп жоқ», - деді бас инженер.
Қала әкімі үш подъездің тұрғындарын жөндеу-қайта қалпына келтіру жұмысы аяқталғанға дейін көшіру мәселесіне тоқталды.
«Біз сіздерге қала әкімдігінің заң аясында ғана бере алатын қолдауын ұсынатын боламыз. Үш подъезде 45 пәтер бар. Қалпына келтіру жұмысы бюджет тарапынан жасалады. Жұмыс аяқталғанға дейін тұрғындарға Есет батыр тұрғын алабындағы жергілікті атқарушы органның балансындағы үйден уақытша тұру үшін ақысыз пәтерлер бөлеміз. Көшіру жұмысы ұйымдастырылады. Сонымен қатар, осы үш подъездегі әр отбасыға өмірлік қиын жағдайға тап болғандары үшін 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік қолдауақы төленетін болады. Біздің мамандар сіздермен үнемі байланыста. Әр қадамымызды ақылдасып шешіп отырамыз», - деді Азамат Бекет.
Еске салсақ, 4 маусым күні аталған үйдің №5 подъезінің төртінші қабатындағы пәтерде жарылыс болып, артынша өрт шыққан. Оқиға салдарынан пәтер иесі көз жұмды. Үш подъездің тұрғындары эвакуацияланып, уақытша жатақханаға көшірілді, үш мезгіл ас-сумен және гигиеналық құралдармен тегін қамтылып отыр. Қазір бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады. Оның қорытындысы әзірге шыққан жоқ. Төтенше жағдайлар басқармасы жұмысын жалғастырады.