$ 538.03  629.23  6.74
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қостанайда мысық тістеген әйел адам құтырмадан қайтыс болды

Қостанай облысында құтырма дертінен алғашқы адам өлімі тіркелді

Қостанайда мысық тістеген әйел адам құтырмадан қайтыс болды
Фото: istockphoto.com

Қостанай облысының Лисаков қалалық ауруханасына 2025 жылдың мамыр айында жатқызылған Камысты ауданының тұрғыны құтырманың клиникалық белгілерімен көз жұмды. Бұл – Қостанай облысында 2020 жылдан бері адам өліміне әкелген алғашқы құтырма оқиғасы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үй мысығы тістеп алғаннан кейін дәрігерге бармаған

Қостанай облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Баймұхаметовтың айтуынша, эпидемиологиялық тексеру барысында зардап шегушіні үй мысығы тістегені анықталған. Оқиғадан кейін жануар жоғалып кеткен.

«Ол медициналық көмекке уақытылы жүгінбеген, профилактикалық вакцина алмаған. Құтырманың клиникалық белгілері пайда болған кезде ғана дәрігерге жүгінген, ол уақытта тым кеш болды», – деп түсіндірді ведомство.

Құтырма – өлімге әкелетін аса қауіпті жұқпалы ауру

Құтырма – жүйке жүйесіне зақым келтіретін, инфекция жұққаннан кейін әрдайым өліммен аяқталатын қауіпті вирус. Ол адамды жануар тістегенде немесе сілекей арқылы жараға тигенде жұғады. Аурудың инкубациялық кезеңі бірнеше күннен бірнеше айға, кейде жылға дейін созылуы мүмкін, бұл оның негізгі қауіп-қатерінің бірі.

«Лисаков қаласында көз жұмған әйелдің жағдайында вирус ағзаға бірнеше ай бойы білінбей әсер еткен», – делінген департамент хабарламасында.

Қазақстанда қандай жануарлар қауіп төндіреді?

Құтырмаға көбіне иттер мен мысықтар, сирек жағдайда түлкі, кірпі, борсық, қасқыр, сондай-ақ ірі қара мал, жылқы, қой және кейбір кеміргіштер себеп болады.

«Наша газета» басылымына сүйенсек, департаменттің мәліметінше, құтырма жағдайларының 99%-ы жануарлар арқылы тарайды. Алдын алудың жалғыз жолы – вакцинация және жануарлармен дұрыс қарым-қатынас жасау.

Соңғы 5 жылда 45 жануарға құтырма диагнозы қойылған

Қостанай облыстық ветеринария басқармасы соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығы, үй және жабайы етқоректілер арасында 45 құтырма оқиғасы тіркелгенін мәлімдеді. 2025 жылдың басынан бері 5 жағдай белгілі болған.

Мамандар ескертеді:

  • Үй жануарлары тістеп немесе тырнап алған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну керек;
  • Антирабиялық вакцина – құтырманың алдын алудың жалғыз әрі тиімді жолы;
  • Үй жануарларын уақытылы вакцинациялау – жеке қауіпсіздіктің кепілі.
Серіктес жаңалықтары