Алаяқ WhatsApp арқылы зейнеткерлерді алдап, ақша жинап алған
Астана қаласында жеңіл жолмен пайда табуды көздеген алаяқ WhatsApp мессенджері арқылы зейнеткерлерді алдап, бірнеше миллион теңгені заңсыз иемденген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2024 жылы елорда тұрғыны WhatsApp желісінде жалған ақпарат таратып, зейнетақы жинағы жеткіліктілік шегіне жетпеген азаматтарға «БЖЗҚ-дан ақша шығарып беремін» деген желеумен қызмет ұсынған.
Ол өз ұсынысына сенген азаматтардан 50 мыңнан 500 мың теңгеге дейін ақша алған. Алаяқ бұл әрекетін орындау мүмкін емес екенін біле тұра, зейнет жасындағы адамдарды алдаған.
Барлығы 17 адамды алдап, жалпы 3 миллион теңгеден астам қаражатты иемденген.
Күдікті сотта кінәсін мойындап, жәбірленушілерге келтірілген залалды толық өтеген. Алайда бұл оның қылмыстық жауапкершіліктен босатылуына себеп болмады.
Сот үкімімен алаяқ бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Сонымен қатар ол өмір бойы белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Астана қаласының прокуратурасы азаматтарды абай болуға шақырып, мына жайтты ескертеді:
Алаяқтық – бөтеннің мүлкін немесе мүлікке құқықты алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен иемдену – Қазақстан заңнамасына сәйкес, он жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соғады.