Қазақстанда кене арқылы ауру тарап жатыр

Автор: Асыл Арман

Бұдан бөлек, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының бірнеше жағдайы анықталды

Фото: istockphoto.com

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті елімізде кене энцефалиті мен Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қатысты эпидемиологиялық жағдай туралы ақпарат ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кене энцефалиті бойынша 17 жағдай тіркелді

2025 жылғы эпидемиологиялық маусым басталғалы бері республика бойынша кене энцефалитінің 17 жағдайы тіркелген:

  • Солтүстік Қазақстан облысы – 6 жағдай;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 3 жағдай;
  • Ақмола облысы – 4 жағдай;
  • Алматы облысы – 2 жағдай.
  • Павлодар облысы және Алматы қаласы – 1 жағдайдан

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – 4 жағдай

Бұдан бөлек, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының 4 жағдайы анықталған:

  • Жамбыл облысы – 2 жағдай;
  • Қызылорда облысы – 1 жағдай;
  • Түркістан облысы – 1 жағдай.

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Сархат Бейсенова агенттіктің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Өлім-жітім тіркелмеген

Комитеттің мәліметінше, 2025 жылы осы аурулардан өлім-жітім жағдайлары тіркелмеген.

Қазіргі уақытта кене энцефалитіне шалдыққан 6 адам медициналық мекемелерде ем қабылдап жатыр. Науқастардың жағдайы – орташа ауыр.

Табиғат аясына шыққанда абай болыңыз

Сархат Бейсенованың айтуынша, кене энцефалиті кең таралған аймақтарда жүргенде, әсіресе орман мен таулы жерлерде сақтық шараларын ұстану аса маңызды.

Қандай сақтық шараларын сақтау қажет?

  • Ашық тері бөліктері мен киімге арнайы репелленттер (жәндіктерге қарсы құралдар) қолдану;
  • Жеңі ұзын жейде, шалбарды шұлықтың ішіне салып кию;
  • Бас пен мойынды орамал, капюшон немесе басқа да қорғаныш құралдарымен жабу;
  • Табиғат аясында жүргенде киімді және дененің ашық бөліктерін жиі тексеріп отыру.

Кене шаққанда не істеу керек?

Кене шаққан жағдайда дереу медициналық мекемеге жүгіну қажет. Онда науқасқа тез арада иммуноглобулинмен профилактикалық ем жасалады.

«Бұл препарат ең тиімді кезең – кене шаққаннан кейін алғашқы үш күнде қолданылған жағдайда жақсы нәтиже береді. Егер иммуноглобулинге қарсы көрсетілімдер болса, кене вируспен жұққан-жұқпағанын зертханалық жолмен анықтап барып емдеу тәсілі таңдалады», – дейді Сархат Бейсенова.