Оқиға жасөспірімдердің жолақысын төлемеуінен басталған
Шымкент қаласында 12 маусым күні бір топ жасөспірім автобус жүргізушісіне шабуыл жасаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиғаға қатысты қалалық полиция департаменті түсініктеме берді.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілердің бірі қамауға алынды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», — делінген полиция таратқан мәлімдемеде.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, оқиға жолаушыдан жолақысын төлеуді сұраудан басталған. Жасөспірім айтқанын орындамай, автобустан түсіріп жіберуді сұраған. Келесі аялдамада жүргізушіге үш жасөспірім шабуылдап, басына балғамен ұрып қана қоймай аяусыз соққыға жыққан.
Нәтижесінде, жәбірленуші реанимацияға түсті, қазіргі уақытта оның жағдайы жақсарып, жалпы палатаға ауыстырылды.
Полиция қызметкерлері қалған күдіктілерді анықтап, олардың іс-әрекетіне құқықтық баға беретін болады. Оқиға қоғамда резонанс тудырып, қоғамдық көліктердегі қауіпсіздік мәселесін қайта көтерді.