Абзал Шынасыл Шерзат Полаттың өлімі үшін әкесіне 60 млн теңге өтемақы төлеуі тиіс
Шерзат Полат ісі бойынша 23 жылға сотталған Абзал Шынасылдың анасы Ақбота Есбергенова соттан кейінгі өзінің жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол «Ел дауысы» бағдарламасына берген сұхбатында екі айға созылған сотта қиналып кеткенін айтты.
«Жағдай өте қиын. Балама көп жыл берді. Оған келіспеймін. Өз істегенін айтты, мойындады. Сол ісімен жазалап отыр. Сотта өз істегенімді айттым деді. Басқа ешнәрсе істеген жоқпын деді.
Қазір менің де жағдайым жоқ. 60 млн теңге сұрап отыр. Өкінішті, қиын болып тұр. Сол жақта жұмыс істеп, өтеп, ақшасын төлесе. 60 млн теңгені төлей алмаймыз. Оған үйім де жоқ, оны төлейтін. Жағдайым да жоқ.
Осы соттың өзіне де қиналып кеттік, екі ай шапқылап. Екі ай жұмыссыз қалдым», - дейді Ақбота Есбергенова.
Ол сөзін жалғай отырып, ұлы Абзалға 23 жыл беруі әділетсіз үкім болды деген ойынан таңған жоқ.
«Ұлым кінәлі ғой. Өзі де жартылай кінәлімін деп отыр. Кінәсін мойындады. Заңды білмеймін ғой. Бірақ ең болмағанда 15 жыл болуы керек еді. 23 жыл тым көп болып кетті», - деді Абзал Шынасылдың анасы.
Айта кетейік, сот үкімі бойынша Шерзат Полаттың өліміне күдіктілер 7 жылдан 23 жылға дейінгі аралықта сотталды.
Қылмыстық істің басты фигуранты Абзал Шынасыл – ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі (адам өлтіру), 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу) бойынша кінәлі деп танылып, 23 жылға бас бостандығынан айырылды.