Қазақстанда соңғы бес жылда дәрігерлерге 160-қа жуық шабуыл жасалған

Автор: Мөлдір Қазыбай

Дәрігерлерде қорғау шарасы қалай жүргізіледі

Фото: pixabay

Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігі бірлесе отырып, медицина ұйымдарында қоғамдық тәртіпті сақтау және медицина қызметкерлеріне агрессияны болдырмау мақсатында кешенді тұжырымдама әзірлейді. Жаңа жүйе дәрігерлер мен науқастардың қауіпсіздігін қамтитын маңызды тетікке айналмақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қауіпсіздік деңгейі қызмет түріне байланысты реттелмек

Медициналық мекемелердегі қауіпсіздік талаптары:

  • Көрсетілетін көмектің түріне,
  • Деңгейіне,
  • Науқастар легінің тығыздығына байланысты икемделіп белгіленеді.

Министр: Әрбір дәрігер өзін қауіпсіз сезінуі тиіс

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қарағанды облысында шабуылға ұшыраған балалар дәрігерлеріне барып:

«Медицина қызметкерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген әрбір адам заңға сәйкес қатаң жазалануы тиіс. Ешбір жағдай мұндай әрекетті ақтай алмайды. Әрбір дәрігер, фельдшер, мейіргер – біз үшін қымбат. Біз – бір командамыз. Әрбір маман өзін қауіпсіз сезінуі қажет», – деп мәлімдеді.

Жаңа бастама: жедел жәрдем қызметкерлеріне жетондар беріледі

Қазір Астана мен Алматы қалаларында жедел жәрдем қызметкерлеріне жетондар енгізіліп жатыр. Бұл тәжірибе:

  • Тәртіп бұзушыларға психологиялық тосқауыл болады;
  • Қызметкерлердің құқықтық қорғалуын нығайтады.

Сонымен қатар, барлық аурухана мен емханада дабыл батырмалары орнатылып, жедел оқиға кезінде тез әрекет ету қамтамасыз етіледі.

Қауіпсіздік – мемлекеттің басым бағыты

Медицина қызметкерлерін қорғауға арналған кешенді шаралар:

  • Денсаулық сақтау министрлігі,
  • Ішкі істер министрлігі,
  • Басқа да мүдделі мемлекеттік және жергілікті органдар бірлесіп әзірлейді

160-қа жуық шабуыл: дәрігерлер жарақат алды

Соңғы 5 жылдың ішінде медицина қызметкерлеріне қарсы күш қолдануға байланысты 160-қа жуық шабуыл тіркелді. Бұл оқиғалардың көпшілігі дәрігерлердің жарақат алуымен аяқталған.