Орал тұрғынының құқығын таптаған полицейлер өтемақы төлейтін болды
Полицейлер оны есірткі саудасына қатысы бар деген күдікпен үйін тінтіп шыққан

Орал қаласының 58 жастағы тұрғыны Александр Юлаев 2025 жылдың сәуірінде Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті мен тергеуші Сұңғат Мұқанғалиды сотқа берді. Ол өзіне келтірілген моральдық зиян үшін 500 мың теңге өтемақы талап етіп, тәркіленген ұялы телефонын қайтаруды сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Юлаевтың айтуынша, 2025 жылдың 18 ақпанында оны көшеде полиция қызметкерлері тоқтатып, мынандай әрекеттер жасаған:
- өзін және үйін тінтіп шыққан;
- телефонын тартып алған;
- медициналық куәландыруға апарған.
«Мой город» басылымының мәліметінше, куәландыру нәтижесінде Юлаевтың есірткі мен ішімдік қолданбағаны анықталды. Оған нақты айғақтар болмағанымен, полицейлер оның есірткі саудасына қатысы бар деген күдікпен әрекет еткен.
Сот талапты ішінара қанағаттандырды
Орал қалалық №2 соты бұл істі қарап, полицейлердің тергеу барысында заңсыз әрекеттерге жол бергенін мойындап, Юлаевтың пайдасына 100 000 теңге моральдық өтемақы төлеуге шешім шығарды.
Алайда телефонды қайтару немесе толық 500 мың теңге талаптары қанағаттандырылған жоқ.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ
Сот шешімі қазіргі таңда заңды күшіне енбеген. Тараптардың шағым түсіру құқығы бар.