Еуроодақ Брекситті кейінге қалдырды

Автор: Azattyq Rýhy

Еуроодақ Британияның Брекситті үш айға шегеру туралы өтінішін қабылдады, деп хабарлайды ВВС

Фото: bbc.com

Еуроодақ Британияның Брексит уақытын үш айға, 2020 жылдың 31-қаңтарына дейін шегеру туралы өтінішін мақұлдады. Бұл туралы Еуропалық кеңес төрағасы Дональд Туск мәлімдеді.

«Еуроодақ Британияға 2020 жылдың 31 қаңтарына дейін уақыт беруге келісті. Процедура жазбаша түрде бекітіледі», - деп жазды ол «Твиттердегі» парақшасында.

Айта кету керек, жазбаша түрде бекітілген келісім Еуроодаққа мүше мемлекеттердің басшыларына шұғыл саммит өткізбеуге мүмкіндік береді. Британия келісімді ратификациялаған жағдайда, Еуроодақтан белгіленген уақыттан да ерте шыға алады.

Осы үш ай аралығында Британия кезектен тыс сайлау өткізбек. Бүгін Британияның Қауым палатасы кезектен тыс сайлау өткізу мүмкіндігіне дауыс береді деп жоспарланған. Ал премьер-министр Борис Джонсон дауыс беруді 12-желтоқсанда өткізуді ұсынып отыр.

Заң бойынша кезектен тыс сайлау өткізу үшін Қауым палатасы мүшелерінің үштен екісінің дауысы керек. Ал оппозиция мүшелері дәл қазір сайлау өткізудің тиімділігіне күмәнданып отыр. Олар алдымен Еуроодақтан шығу мәселесін талқылауды жөн көреді. Ал премьер-министр Борис Джонсон керісінше, алдымен сайлау туралы шешім қабылдап, одан кейін ғана Брексит туралы келісімді ратификациялау мүмкіндігін талқылауды ұсынды.

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптада Ұлыбритания парламентінің шешімі бойынша премьер-министр Еуроодаққа Брексит уақытын кейіге шегеру туралы өтініш білдірген еді.