2017 жылдан бері 66 млрд теңге қолды болған – Бас прокуратура

Бас прокуратура алқасының отырысында мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген қаржы жымқырылған қылмыстық істерді тергеудің заңға сәйкестігі талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап

2017 жылдан бері 66 млрд теңге қолды болған – Бас прокуратура
Фото: ашық дереккөзден

2017 жылдан бері құқық қорғау органдары тергеген 6 мың (5940) қылмыстық істің фигуранттары 66 млрд теңгені қолды қылған. Сол қылмыстық істердің қазірге дейін 2 685-і сотқа жіберілген.

Бас прокурор құқық қорғау органдарының басшыларын халықтың ақшасын жымқырудың алдын алу үшін қатаң шара қолдануға шақырды. Сонымен қатар Ғизат Нұрдәулетов мемлекеттің қаржысы кейде азаматтарға жетпейтін айтты. Мұның себебі - қаскөй шенеуніктер мен кәсіпкерлер қаржы жымқыруын әлі тоқтатқан жоқ.

Отырыста тұрғындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағы да сөз болды. Прокурорлардың айтуынша, Үкімет Денсаулық сақтау министрлігінде жүргізілген тексеріс кезінде анықталған құқық бұзушылықтар бойынша ұсынысты қараған. Прокуратураның актілері бойынша 48 лауазымды тұлға жауапқа тартылып, үшеуі қызметінен кеткен.

Алқа отырысына шақырылған денсаулық министрі Елжан Біртанов ахуалды жақсарту үшін қолданылатын шаралардың жол картасы әзірленіп жатқанын жеткізді. Отырыста министрлікке шетелдердің денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру тәжірибесін үйрену ұсынылып, дәрі-дәрмек бағасын белгілеуді ашық ету, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу қажеттігі айтылды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.