Астана мен Қарағандының арасында Comfort+ электр пойызы жүреді

Автор: Алмас Ерсін

Пойыз еуропалық стандарттарға толық сәйкес келеді

Фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ

«Жолаушылар тасымалы» АҚ №6857/6858 «Астана – Қарағанды» бағыты бойынша жаңа Comfort+ электр пойызын іске қосты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Пойызға 576 жолаушы сыяды

Үшінші класты бұл заманауи құрам — еуропалық стандарттарға толық сәйкес келеді. 6 вагоннан тұратын пойыз 576 жолаушыға арналған.

Инклюзивтілікке ерекше назар аударылды:

  • әр вагонда биотуалет,
  • мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы санитарлық тораптар,
  • құрамның екі жағындағы көтергіш құрылғылар бар.

Жолаушыларға барлық жағдай жасалған

Қарт кісілер мен балалармен жүрген жолаушыларға арналған автоматты табалдырықтар орнатылған.

«Әр орында гаджеттерді қуаттау үшін USB-розетка орнатылған. Вагонда вендинг автоматтары бар — жолда жеңіл тамақ пен сусын алуға болады», - деп жазылған компанияның хабарламасында.

Сондай-ақ машинист кабинасында көппозициялық эргономикалық кресло орнатылып, машинистің жағдайы жақсартылған. Электропойыз бекітілген кесте бойынша күн сайын жүреді. Билет бағасы — 3 202 теңге.

Айта кетері, маусымның соңына дейін тағы 6 жаңа электр пойыз (I, II, III санаттағы) іске қосылады.