Қылмыстық топтар елорданы бақылауға алмақ болған
Астанада Полиция департаментінің жедел іс-шараларының нәтижесінде еліміздің түрлі өңірлерінен қылмыстық жолмен пайда табу мақсатында келген бірнеше ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Маусым айының басында Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы үш қылмыстық топтың мүшелерін ұстады. Олардың елорда аумағында заңсыз әрекеттер жасауды көздегені анықталды.
«Бір эпизодта күдіктілер азаматтарды қару қолданамыз деп қорқытып, 10 миллион теңгеге дейін ақша бопсалаған. Тағы бір жағдайда базар аумағында кәсіпкерлерге қысым көрсетіп, көлеңкелі бақылау орнатпақ болған», – деді ІІМ өкілі Қуандық Алпыс.
Тергеу барысында күдіктілерден травматикалық және суық қару, оқ-дәрілер, сондай-ақ қылмыстық схемаларда пайдаланылған болуы мүмкін микрокаржы ұйымдарының құжаттары тәркіленді.
Ұсталған барлық азаматтар уақытша қамауға алынып, тергеу амалдары басталды. Қылмыстық топтардың әрекеттері толықтай зерттеліп жатыр.