Атырау мен Орал арасын жалғап жатқан жүздеген шақырым жол жөнделетін болды

Автор: Асыл Арман

Жалпы ұзындығы 487 шақырымды құрайды

Фото: «ҚазАвтоЖол»

Атырау мен Орал арасын жалғап жатқан жүздеген шақырым жол орташа жөндеуден өтетін болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, алдағы уақытта республикалық маңызы бар KAZ12 «Атырау – Орал» автомобиль жолын орташа жөндеуден өткізу бойынша ауқымды жобаның жұмысы басталмақ. Бұл жол батыс өңірінің екі ірі қаласы – Орал мен Атырауды байланыстырады. Жалпы ұзындығы 487 шақырымды құрайды.

«Жоба 364 шақырым жол төсемін қамтымақ. Негізгі атқарылатын жұмыстар: иірімді учаскелерді жою, топырақ қайта өңдеу әдісімен топырақты қосу арқылы негізді күшейту, астыңғы және үстіңгі жабынды төсеу, жолжиекті күшейту, сондай-ақ жол белгілерін орнату және таңбаларды салу.

Қазіргі таңда қаржы көзі қарастырылып жатыр. Содан кейін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, міндетті сараптамадан өтеді. Жоба кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады.

Қосымша автожолда шұңқырларды жөндеу жұмысы жалғасып жатыр. Орташа жөндеу жұмысын 2025 жылдан 2027 жылға дейін өткізу жоспарланып отыр», - делінген «ҚазАвтоЖол» хабарламасында.