Құқық қорғау органдары 40 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады
Ақтау қаласында полиция қызметкерлері тапанша ұстаған ер адамды қолға түсірді. Ол тергеу тобына тапсырылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, «Қару» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында кезекші бөлімге 19-шағынаудандағы №40 үйдің маңында қаруы бар белгісіз ер адам туралы хабарлама түскен.
«Құқық қорғау органдары дереу әрекет етіп, 40 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Куәгерлердің қатысуымен одан сигналдық тапанша мен оқ-дәрілер тәркіленді.
Медициналық куәландыру барысында оның жеңіл дәрежеде мас күйде болғаны анықталды. Ол тергеу тобына тапсырылды. Қажетті сараптамалар тағайындалды», — деп мәлімдеді облыстық ПД өкілдері.
Полиция өкілдері «Қару» акциясы аясында қару мен оқ-дәрілерді ерікті түрде тапсырған азаматтар қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, тиісті ақшалай өтемақы алатынын еске салды.
Сонымен қатар, қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтау, тасымалдау, өткізу немесе беру әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатыны атап өтілді.