Соңғы аптада Алматыда коронавирус жұқтыру дерегі азайды – Бекшин

Автор: Azattyq Rýhy

Індеттің таралуы соңғы кезде 3 пайыздан асқан жоқ

Алматыда соңғы аптада вирус жұқтырғандардың күнделікті орташа өсімі 1,1 пайызға дейін түсті. Соңғы рет ең жоғарғы көрсеткіш 30 мамырда тіркелген. Ол кезде орташа деңгей 4,6 пайыз болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Кезекті онлайн-брифингте Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитар дәрігері өткен тәулікте қалада 35  симптомдық, 51 симптомсыз вирус белгілері бар адамның тіркелгенін айтты. Жандарбек Бекшин жағдайдың бұрынғыға қарағанда тұрақталып келе жатқанын  айтты. Соңғы бір аптада, яғни 3 маусымнан бастап қалада 491 адамнан ауру анықталса, олардың 248-і – симптоматикалық белгілері жоқ науқастар. Демек, коронавируспен ауырған адамдардың тең жартысында инфекцияның сыртқы белгілері білінбеген.

«Бұл айтып отырған жағдайға қарамастан, шаһарда санитарлық талаптарды бәрібір қатаң ұстануымыз керек. Мониторинг топтар барлық нысандарды қадағалап, тексеріп отыр. Әсіресе, кәсіпорындардың, ірі мекемелердің басшыларына босаңсуға жол жоқ. Жағдай оңай емес. Ауру кез келген уақытта өршуі мүмкін. Соңғы рет 30 мамырда ең көп науқас тіркелді. Оның көрсеткіші 4,6 пайыз болса, одан кейінгі уақыттарда ол 3 пайыздан асқан жоқ», - дейді Ж. Бекшин

Алматыда бүгінге дейін 155 мың адамнан ПТР-тест алынған. Олардың ішінен 2239 адамнан COVID-19 вирусы анықталды. Вирусқа тест қаншалықты көп алынса, соншалықты ауру ошағы да артып келеді. Бұл әлем елдеріне тән қалыпты жағдай. Бас санитар үрейленудің орнына адамдарды өзінің жеке бас гигиенасы мен жақындарының қауіпсіздігіне көңіл бөлуге шақырды.

«Алматыда санитарлық талаптарды бұзбай, тиісті шараларға көп көңіл бөлетін –балабақшалардың кезекшілік топтары, коммуналдық кәсіпорындар, «Магнум» сауда желісі, BI GROUP құрылыс компаниясы, банктер және ірі сауда орталықтары. Ал талапты сақтамайтын орындарға кіші және орта бизес өкілдері жатады. Қаладағы барлық нысандарды мониторингтік топтың тексеріп шығуы мүмкін емес. Таңдап-таңдап текеріп отырады»,- дейді Жандарбек Бекшин.

Алматыда Төтенше жағдай тоқтаған соң 13,5 мың нысан жұмысын қайта бастаған. Арнайы мониторнгтік топ 2439 нысанды (18%) тексеріп үлгерді. Оның қорытындысы бойынша 180 мекеме карантин режимін бұзған. Ал 80 нысанға әкімшілік айыппұл салынып, жұмысын тоқтатты.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы