Шымкентте мүгедек такси жүргізушіні тонағандар сотталды

Автор: Алмас Ерсін

Олардың бірі 3 жыл 9 ай, екіншісі 3 жылға бас бостандығынан айырылды

Фото: pixabay

Шымкентте есту және сөйлеу қабілеті бұзылған жүргізушіге шабуыл жасаған екі ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Otyrar-ке сілтеме жасап.

 Екі телефонын тартып алған

Қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот екі жігіттің естімейтін және сөйлей алмайтын такси жүргізушіге шабуыл жасағанын анықтады. Шабуыл жасаушылар жүргізушіні ұрып-соғып, оның екі ұялы телефонын тартып алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Олардың әрекеті «Тонау» бабы бойынша сараланды. Сотталушылар қарақшылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

«Бәкіров Жасұлан Нұрымұлы Қылмыстық кодекстің 191-бабы 2-бөлігінің 1 және 3-тармақтарымен кінәлі деп танылып, 3 жыл 9 айға бас бостандығынан айырылды.

Тасболатов Мақсат Қалдықұлұлы дәл осындай негізде айыпты деп танылды – ол 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді», - деп хабарлады Жоғарғы Соттың Сот кабинетінің ақпараттық жүйесі.

Шығынды өтеп берді

Іс материалына сәйкес, қылмыс «Көктем» базарының аумағында болған. Қажетті мекенжайға жеткен екі жолаушы жүргізушінің сөйлей алмайтынын және естімейтінін байқайды. Олар ақша төлеудің орнына ұрып-соғып, құны 180 мың теңгеден асатын телефондарын алып кеткен.

Сондай-ақ сотталушылардың бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды: Жасұлан Бәкіров 2019 жылы қарақшылық шабуыл жасағаны үшін түрмеде отырып шыққан. Мақсат Тасболатов 2024 жылы ұрлық жасағаны үшін 1 жыл 6 ай мерзімге сотталған.

Сотталушының екеуі де 27 жаста. Олар өз кінәсын мойындап, келтірілген шығынды өтеп берді.