Алдын ала болжам бойынша ғарыш объектілерінің бірі атмосфераға енген
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Астана аспанында ұшып өткен нысандарға қатысты толыққанды түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шенеуніктердің алдын ала болжамы бойынша бұрын орбитада болған ғарыш нысандарының бірі атмосфераға енген. Бұл құбылысқа Орталық және Солтүстік Қазақстан, соның ішінде Астана, Қарағанды, Павлодар және Қостанай қалаларының тұрғындары куә болды.
Ғарыш қоқыстарының қозғалысын қадағалайтын халықаралық ұйымдардың мәліметі бойынша осы уақыт аралығында үш оқиға тіркелді:
Қытайлық ZQ-2E зымыранының үдемелі блогы
«Бұл нысан қазақстандықтар байқаған нысанның ұшу уақытына дәлірек сәйкес келеді», - деп атап өтті министрлік.
STARLINK-1631 жерсерігі (SpaceX)
Жапонның H-2A R/B зымыранының үдемелі блогы
«Қазіргі уақытта қандай да бір фрагменттің Қазақстан Республикасының аумағына құлауы немесе залал келтіруі туралы расталған дерек жоқ», - делінген хабарламада.