Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басшысының орынбасары ұсталды

Автор: Алмас Ерсін

Тергеу мәліметі бойынша ұрлық «Damumed-ке» көрсетілген қызметтер туралы жалған ақпарат енгізу арқылы жасалған

Фото: видеодан скрин

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Антикорға сілтеме жасап.

400 млн теңге ұрланған

«Ол халыққа медициналық қызмет көрсету үшін денсаулық сақтау субъектісіне бөлінген 400 млн теңгеден астам қаражатты жүйелі түрде ұрлады деген күдікке ілінді», - деп жазылған хабарламада.

Қылмыс медициналық ұйымның «Damumed» ақпараттық жүйесіне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде Өскемен қаласының тұрғындарына көрсетілген қызметтер туралы көрінеу жалған мәліметтер енгізу арқылы жасалды.

Қымбат мүлік сатып алған

Іс жүзінде медициналық қызметтер көрсетілмеген, отыз мыңнан астам жалған тіркеу анықталды.

Сонымен қатар ол жеке медициналық мекеменің кәсіпкерлік қызметіне заңсыз қатысып, қордан жымқырылған қаражатты, оның ішінде қымбат мүлікті сатып алу арқылы заңдастырды деген күдікке ілінді.

Күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды.

Тергеу жалғасып жатыр, шенеунік пен басқа адамдардың басқа қылмыстық эпизодтарға қатысы бар-жоғы тексеріледі.