Ол АҚШ-тан Алматыға 43 келіден астам есірткі пошта арқылы жеткізген
Алматы қаласының прокуратурасы АҚШ-тан Қазақстанға заңсыз жолмен әкелінген аса ірі көлемдегі есірткі контрабандасына қатысты тергеу амалдарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу барысында 43 келіден астам марихуана тәркіленді. Заңсыз тауар ондаған пошта сәлемдемелері арқылы еліміздің әртүрлі қалаларына жіберілген.
Сәлемдемелердің алушыларын анықтау мақсатында бірнеше қалада тінту жүргізіліп, 10 адам ұсталды. Олардың айғақтары бойынша ұйымдасқан есірткі тасымалының күрделі схемасы белгілі болды.
Аталған есірткі арнасы Telegram мессенджері арқылы «Феликс Гальярдо» және «Джордан Белфорт» деген жалған аккаунттармен басқарылған. Топ «кураторлардан», «буып-түюшілерден» және «дропперлерден» тұрған.
Кибер топты Павлодар облысындағы қылмыстық мекемеде жазасын өтеп жатқан азамат басқарып отырғаны анықталды. Ол есірткі арнасын ұйымдастырып, криптовалюта арқылы төлем қабылдаған.
Ұйымдастырушы кінәсін мойындап, есірткі жеткізу сызбасын, төлем тетіктерін толықтай әшкереледі. Тергеу барысында АҚШ-тан есірткі алуды қаржыландырған тұлғалар анықталып, олардың да түрмеде отырғаны белгілі болды.
Қылмыстық топ мүшелері өздерінің заңсыз табысын туыстарының атына тіркелген мүлік арқылы жасырып отырған. Бұл мақсатта 5 пәтер, 3 ғимарат, 10 жер учаскесі және 44 автокөлік сатып алынған. Жалпы құны — 1 миллиард теңгеден астам.
Қазіргі уақытта қылмыстық қудалау ортасында 20 азамат бар. Олардың қатарында қылмыстық топқа қамқорлық көрсеткен лауазымды тұлғалар да анықталған.