Астанада Telegram арқылы жалған ақпарат таратқан азамат сотты болды
Сот оған айыппұл салды

Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі соты Telegram мессенджерінде әдейі жалған ақпарат жариялаған азаматқа қатысты істі қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәселенің мәні неде?
Сот дерегінше, азамат П. «К» атты Telegram-арнада Жамбыл облысында шегірткенің, соның ішінде итальян прусының таралуы жөнінде шындыққа жанаспайтын ақпарат жариялаған. Жазбада зиянкестердің таралу ауқымы 5 миллион гектардан асады деген жалған мәлімет көрсетілген.
Аталған жазба бойынша Жамбыл облыстық «Республикалық фитосанитарлық диагностика әдістемелік орталығы» РММ филиалының өтініші негізінде ӘҚБтК-нің 456-2-бабы 3-бөлігі (қоғамдық тәртіпті бұзуға негіз болатын жалған ақпаратты онлайн-платформалар арқылы тарату) бойынша іс қозғалды.
Соттың шешімі қандай болды?
Сотта азамат П. өз кінәсін мойындамай, жариялаған ақпаратын ресми дереккөздерден алғанын мәлімдеді. Алайда тексеру барысында бұл деректердің ресми ақпаратқа сәйкес келмейтіні анықталды. П. ресми ақпарат сұратуды тек 2025 жылғы 6 мамырда, яғни жазбаны жариялағаннан кейін ғана бастаған.
Нәтижесінде, сот азамат П.-ны әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тауып, оған 20 айлық есептік көрсеткіш (78 640 теңге) көлемінде айыппұл салды. Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ.