Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр
Жетісу облысында ондаған қазақстандықты алдап, 67 миллион теңге шығын келтірген алаяқтық ісі бойынша тергеу аяқталып, іс прокуратура үйлестіруімен сотқа жолданды. Күдіктілердің бірі – Абай қаласының 19 жастағы тұрғыны, ол ұйымдасқан қылмыстық топтың белсенді мүшесі болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қылмыстық топ арнайы кеңсе жалдап, онда компьютерлер мен ондаған SIM-карталармен жабдықталған жалған call-орталық құрған. Онда жұмыс істегендер өзін банк, мобильді оператор немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарды зиянды қосымша орнатуға көндірген.
Зиянды қосымша арқылы алаяқтар азаматтардың телефонына қашықтан кіріп, олардың атына онлайн несие рәсімдеп, қаражатты өз шоттарына аударып отырған.
Схеманың маңызды бөлігі – ақшаны шешіп алатын топ болған. Олар Telegram арқылы банк шоттары мен қосымша деректерін сатып алып, сол шоттар арқылы ұрланған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырған. Күдікті азамат дәл осы топ құрамында болған.
2023 жылы алаяқтар бір азаматтың телефонына қол жеткізіп, оның атына 20 млн теңгеден астам несие рәсімдеген. Ақша кейін бақылаудағы шоттарға аударылып, шешіп алынған.
Күдіктіге алдын ала сөз байласу арқылы, ақпараттық жүйені пайдаланып, аса ірі көлемде алаяқтық жасау бабы бойынша айып тағылып отыр. Оның топ құрамында 2023 жылдың наурызынан 2024 жылдың маусымына дейін жұмыс істегені анықталған.
Іс сотқа жолданды, алаяқтық схеманың басқа қатысушыларына қатысты тергеу амалдары жалғасуда.