Қазақстаннан қорғасын мен металл сынықтарын заңсыз шығармақ болғандар ұсталды
60 тоннадан астам қорғасын тиелген екі жүк көлігі ұсталды
Қазақстан аумағынан стратегиялық маңызды шикізатты – қара және түсті металл сынықтарын заңсыз жолмен шетелге шығармақ болған әрекеттің жолы кесілді. Бұл туралы ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету аясында ІІМ жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр. Жетісу облысында полиция мен экономикалық тергеу департаменті және кеден қызметі бірлесіп, ірі көлемдегі қорғасын партиясының шекарадан заңсыз өтуіне жол бермеді.
60 тоннадан астам қорғасын тиелген екі жүк көлігі ұсталды. Нарықтық құны – 60 миллион теңгеден асады. Жүк шетелге заңсыз экспортқа бағытталғаны анықталды.
Қылмыстық схеммаңғысаны ұйымдастырған тұлғаларды анықтап, ұстау мақсатында жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Осындай заңсыз әрекеттер басқа өңірлерде де тіркелген:
- Солтүстік Қазақстан облысында «жоғары легирленген болат» түрінде металл сынықтарын шетелге шығару әрекеті әшкереленді.
Заңсыз әрекетті ЖШС ұйымдастырған. Жедел шаралар нәтижесінде шекара асуға дайын 1000 тонна металл сынығы мен 7 жүк вагоны анықталды.
- Маңғыстау облысында Каспий маңы елдерінің біріне теңіз арқылы металл жөнелтпек болған схема тоқтатылды.
ЖШС аумағынан 400 тоннадан астам қара металл сынығы табылып, соның ішінде екі контейнер шетелге жөнелтуге дайындалғаны белгілі болды.
ІІМ өкілдері атап өткендей, мұндай шаралар Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғау, экономикалық әлеуетін сақтау және стратегиялық ресурстардың заңсыз айналымына жол бермеу мақсатында қабылдануда. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты түрде жалғасады.