Енді дәрі-дәрмекті 100 күн ішінде тіркеуге болады

Автор: Алмас Ерсін

1 шілдеге дейін Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген барлық дәрілік препаратты қайта есептеу жүргізіледі

Фото: ru.freepik.com

Қазақстанда дәрілік заттарды тіркеу жеңілдейді. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, қолданыстағы ережелер шеңберінде дәрі-дәрмекті Қазақстанда айналымға жіберу рәсімі көп уақыт алады – шамамен 2 жылдан 5 жылға дейін.

«Цифрландыру министрлігімен бірлесіп, композиттік қызметті пилоттау жүргізіліп жатыр. Композиттік қызмет шеңберінде ішкі тіркеу процестерін оңтайландыруды көздейтін норма іске асырылмақ. Дәрілік препараттарды тіркеу 100 күн ішінде жүргізіледі», – деді Ержан Нұрлыбаев.

Еуропалық Одақ, Жапония, АҚШ, Ұлыбритания елдерінен әкелінген дәрі-дәрмектерді де жедел тіркеу мәселесі қарастырылып отыр. Дәрілік препараттарды тіркеу мерзімін 15 жұмыс күні ішінде жүргізу жоспарда бар.

Сондай-ақ вице-министр ведомство дәрілік заттарға баға белгілеудің ашық моделін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізгенін атап өтті.

«Баға моделі өзгертілді. Біздің ойымызша, дәрілік заттардың шекті бағасына негізсіз қосылған үстеме бағалар алынып тасталды. 1 шілдеге дейін Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген барлық дәрілік препаратты қайта есептеу жүргізіледі», - деді Нұрлыбаев.

Оның айтуынша қазір фармацевтикалық қоғамдастықпен аталған модельді сынақтан өткізуге қатысты белсенді жұмыс жүргізілуде.

«Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС шеңберінде дәрілік препараттардың құны шамамен 19%, көтерме-бөлшек саудада шамамен 30% төмендейді деп болжанып отыр», - деді спикер.