Қостанай облысында су құбырын тартуға 5,4 млрд теңге бөлінді

Автор: Алмас Ерсін

Қазір суға қолжетімділік Қостанай қаласында 99%-ды, ал ауылдық елді мекендерде 90,3%-ды құрайды

Фото: istockphoto.com

Қостанай облысында су құбыры желілері құрылысына Арнаулы мемлекеттік қордан 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тобыл халқы 100% су жүйесіне қосылады

«Қостанай облысы тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Арнаулы мемлекеттік қордан шамамен 5,4 млрд теңге қаржы бөлінді», - деп жазылған хабарламада.

Бүгінде Тобыл қаласында халықтың 87,9%-ы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу үшін қалада ұзындығы 100 шақырымнан асатын су құбыры желілерінің құрылысы басталды. Бұл мақсатқа Қордан 1,4 млрд теңге бөлінді.

Арқалыққа 872 млн бөлінді

Сондай-ақ Арқалық қаласына су құбырын тартуға 872 млн теңге бөлінді. Жоба 13 мыңнан астам тұрғыны бар қаланы ауыз сумен толық қамтамасыз етіп, 2025 жылдың соңына дейін сумен қамту деңгейін 96,5%-дан 100%-ға жеткізуге мүмкіндік береді.

«Сонымен қатар  Қарабалық, Денисов, Қостанай, Федоров, Бейімбет Майлин аудандары ауылдарында, сондай-ақ Арқалық қаласындағы Жастар ауылында жалпы құны 3 млрд теңгеден асатын су құбыры желілерін тарту жоспарланып отыр», - деп жазылған хабарламада.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректеріне сәйкес, қазіргі таңда орталықтандырылған суға қолжетімділік Қостанай қаласында 99%-ды, ал ауылдық елді мекендерде 90,3%-ды құрайды.