Алматы қаласының прокуратурасы азаматтарды инвестиция жасау кезінде сақтық танытуға шақырды
Алматы прокуратурасы соңғы айларда елімізде қаржы пирамидаларымен байланысты алаяқтық қылмысы көбейгенін ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қылмыстық ұйымдар инвестициялық компаниялар, криптовалюталық жобалар және сауда платформаларының атын жамылып, азаматтарға қауіпсіз жоғары табыс уәде етеді. Алайда іс жүзінде мұндай схемалар салған қаражатты жоғалтуға алып келеді.
«Қаржы пирамидалары үнемі жаңа салымшыларды тарту есебінен жұмыс істейді, ал олардың қызметі сөзсіз үлкен шығынға ұшырап, көптеген адам зардап шегеді», - дейді прокурорлар.
Мысалы, 2024 жылдың 23 желтоқсанында Алматы қаласының Бостандық аудандық соты «Eolus» деп аталатын қаржы пирамидасының екі ұйымдастырушысына қатысты айыптау үкімін шығарды.
«Олар баламалы энергетика саласындағы қызмет ретінде «ENERGY EOLUS QAZAQSTAN» компаниясын тіркеп, оған азаматтарды тартқан. Ұйымдастырушылар күніне кіріс 2,7 %-дан 3,4 %-ға дейін болады деп (айына 80 %-дан астам және жылына 950 %-дан астам) уәде берген, сондай-ақ салымдар сомасы 30-дан 2700 АҚШ долларына дейін өзгеріп отырған», - деп жазылған хабарламада.
Тергеп-тексеру нәтижесінде 31 азамат зардап шеккен деп танылған, келтірілген залал сомасы 74 миллион теңгеден асты.
Сот кінәлілерді тиісінше 6,5 және 6 жылға бас бостандығынан айыруға кесті. 2025 жылғы 4 наурыздағы апелляциялық сатының қаулысымен үкім өзгеріссіз қалдырылып, заңды күшіне енді.
Алматы қаласының прокуратурасы азаматтарды инвестиция жасау кезінде сақтық танытуға шақырады. Қаражат салудың алдында компания қызметiнiң заңдылығына, мемлекеттiк тiркеу мен лицензияның болуына көз жеткiзу керек.
«Құқыққа қарсы әрекетке күдігіңіз болса, дереу құқық қорғау органдарына хабарлаңыз. Жинақтарыңызды сақтаңыз. Алаяқтардың құрмауына түсіп қалмаңыз», - деп ескертті прокуратура.