«Мама, мен Ақордадамын»: балалар президент резиденциясын аралады (ФОТО, ВИДЕО)
Іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген үздік оқушылар қатысты

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай еліміздің түкпір-түкпірінен келген үздік оқушылар Ақорда резиденциясында қонақта болды. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Экскурсияға қатысқандар кімдер?
- Республикалық және халықаралық олимпиада жеңімпаздары
- Спорттық жарыстардың жүлдегерлері
- Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары
- Ерлік көрсеткен оқушылар
- Мүгедектігі бар және ерекше білім алуға мұқтаж балалар.
Балалар Ақорданың ішкі құрылымымен танысты
Экскурсия барысында жас қонақтарға президент резиденциясының:
- Бас парадты холы
- Ресми шаралар өтетін залдары
- Президент кітапханасы
- Ақорданың саябағы көрсетілді.
Экскурсия кезінде оқушылар Ақорданың орталық салтанатты холы мен ресми қабылдаулар өткізуге арналған залдарды, Мемлекет басшысының кітапханасын, сондай-ақ резиденция аумағындағы бақты аралады.
«Балаларға ғимараттың салыну тарихы, сәулет ерекшеліктері мен маңызды оқиғалар туралы қызықты деректер айтылды», – делінген ресми хабарламада.
Мемлекет басшысынан естелік сыйлықтар
Экскурсия соңында балаларға Мемлекет басшысының атынан арнайы естелік сыйлықтартабысталды. Бұл – оқушылар үшін күтпеген әрі есте қалатын тосынсый болды.
«Жас ұрпаққа тағылымды тәрбие мен сапалы білім беру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Мемлекет балалардың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасай береді», – деп жазды Президент Instagram парақшасында.
Президент парақшасында жарияланған видеода қыз бала қуаныштан көз жасына ерік берді.
«Мен өскенде еліміздің ең мықты математигі боламын. Сол кезде міндетті түрде бұл жерге қайта келемін. Бәрі сәтті болып жатса – Президентпен кездесуге тырысам», – деді оқушы қыз.
Ол әсіресе Ақорданың төртінші қабатындағы күмбез ерекше әсер қалдырғанын айтты. Сонымен қатар бар жетістігіне анасын себепкер етіп атап өтті.
«Анашым, саған шексіз алғыс айтамын», – деді қыз видеоқоңырау арқылы анасымен сөйлескен сәтінде.